Алматыда пойыздың төбесіне шығып алған ер кісі көпті дүрлікті. Соның салдарынан пойыз тоқтатылған.
Пойыздың төбесіне шығып алған оның видеосы әлеуметтік желілерде тарады. Онда жүріп бара жатқан пойыз үстінде ер кісі алаңсыз жатады.
ІІМ Көліктегі полиция департаментіндегілер аталған оқиғаға қатысты пікір білдірді. Белгілі болғандай, 47 жастағы азаматтың билет алуға ақшасы болмаған. Үйіне қалай да жету керек болған ол амалсыздан осындай қадамға барған екен. Ер кісі Маңғыстау облысының тұрғыны. Оқиға 24 шілде күні орын алған.
«Алматы-1» станциясындағы кезекші бөлімшеге «Алматы-2» станциясынан «Алматы-Орал» пойызының машинисінен вагонның төбесіне шығып, жатып алған ер адамның кесірінен пойыз шұғыл тоқтатылғаны туралы хабарлама түсті. Пойыз тоқтағаннан кейін көлік полицейлері құқықбұзушыны акт бойынша вагонның төбесінен түсірді. Аталған азаматқа қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 560-бабы бойынша хаттама толтырылып, 5 АЕК көлемінде айыппұл салынды» делінген ведомства мәліметінде.