Қаржылық мониторинг агенттігі бірнеше ЖШС-ны рейдерлік жолмен басып алу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде. Алдын ала болжам бойынша зардап шегушілерге келтірілген шығын көлемі 18 млрд теңгеден астам.
Р.Бабаев, Т.Танашев, Д.Әбижанов және А.Алтыбасаровқа қатысты сот қамауға алуды санкциялады. Қоспаев, Шалин және Имашев халықаралық іздеуге жарияланды.
«Мүлікті анықтау және тыйым салу шаралары қабылданды. Жоғарыда аталған азаматтардың 9 млн-ға жуық доллары, зергерлік бұйымдары қамауға алынды. Күдіктілер мен оларға қатысты тұлғалардың 154 жылжымайтын мүлік объектісі, 19 көлік тәркіленді. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілуге жатпайды» делінген агенттік мәліметінде.
Агенттік мәліметінше, қылмыстық топ мүшелерінің рейдерлік әрекетінен зардап шеккен азаматтардан арыздар әлі де түсіп жатыр екен. Ведомстводағылар зардап шеккен кәсіпкерлерді Қаржылық мониторинг агенттігіне немесе аумақтық департаменттерге хабарласуға шақырады.