Шымкентте 33 жастағы жігіт сауда орталығындағы дүкендердің біріндегі қымбат картиналарға көзі түсіп, алаяқтық жолмен алып кеткен.
Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, кезекші бөлімге жергілікті жердің 48 жастағы тұрғыны арызданған. Ол арызында дүкеніне белгісіз азамат келіп, әрқайсысы 150 мың теңге тұратын 3 дана картинаны алып, телефон қосымшасындағы электронды жалған түбіртекті көрсеткенін, кейін оқиға орнынан бой тасалағанын көрсеткен. Жәбірленушіге келтірілген жалпы шығын көлемі 450 мың теңгені құрап отыр.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы 1-бөлігімен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
«Күдікті тәулік ішінде қала аумағынан қолға түст. Ол Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты. Жасы — 33-де, жұмыссыз. Ұсталған азамат өз кінәсін толықтай мойындап, бұл картиналарды достарына сыйлыққа бермек болғанын жеткізді. Тергеу амалдары жүргізілуде. Қазіргі кезде полицейлер ер азаматтың осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоқтығын анықтауда»,-деді Полиция департаментінің баспасөз қызметіндегілер.