Түркістан облысы, Сайрам ауданында дүкен иесі полициядан көмек сұраған. Жәбірленушінің айтуынша, белгісіз біреулер дүкеніне ұрлыққа түскен. Ұрылар 350 дана электронды темекі құрылғыларын жымқырған.
«Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеді. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 1,5 миллион теңгені құрады. Жедел-іздестіру жұмыстары нәтижесінде күдікті ретінде 2 жергілікті тұрғын анықталды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда» деп атап өтті Түркістан облыстық Полиция департаментіндегілер.
Полиция дерегінше, жас жігіттер бір-біріне жақын дос. Олар қылмысты алдын ала жоспарлы түрде ұйымдастырған. Таңғы сағат 05:30 шамасында дүкенге терезе арқылы кіріп, темекі құрылғыларын ұрлап кеткен. Кейін оңай олжаны таныстарына сатқан. Айғақты зат ретінде ұрланған электронды темекілер тәркіленіп, дүкен иесіне қайтарылды.