Алматыда ішімдік ішіп қана қоймай, есірткі тұтынып алып рөлге отырған жүк көлігінің жүргізушісі жол-көлік оқиғасына себепкер болды.
Жол апаты 26 қазанда Наурызбай ауданындағы Сағдиев көшесінің бойында орын алған. ЗИЛ және Тоуоta көліктері соқтығысқаны туралы полицияға оқиға куәгерлері хабарлаған. «Ақпаратты патрульдік полиция экипажы растады. Жүк көлігін 1984 жылы дүниеге келген ер кісі басқарған. Ол алкогольдік масаң күйде болды. Ер адам агрессиялық мінез-құлық көрсетіп, полиция қызметкерлеріне бағынбаған. Құқықбұзушы медициналық куәландырудан өтті. Оның қорытындысы бойынша ол канабиноидты топтың әсерінен жеңіл дәрежедегі алкогольдік және есірткілік мас күйде болғаны анықталды» деп атап өтті Алматы полициясы.
Аталған жайт бойынша полицейлер Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 608-бабы 3-бөлігі бойынша материал жинақтады. Алматы қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының қаулысымен жүк көлігінің жүргізуші кінәлі деп танылып, 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Сонымен қатар ол 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде жол бойында тұрған жүк көлігінің видеосы тараған болатын. Оны куәгерлер түсіріп алған. Бейнежазбадан бірнеше полицейдің өздеріне бағынбаған белгісіз адамға жабылып жатқанын көруге болады.