Түркістан облысында жыл басынан бері тағамдық токсикалық инфекцияға шалдығудың 2 жағдайы тіркеліп, жалпы 15 адам зардап шеккен. Тамақтан уланудың біреуі үй жағдайында орын алса, екіншісі Кентау қаласындағы қоғамдық тамақтану орындарының біріне қатысты. Бұл туралы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіндегілер хабарлады.
Кентаулық 8 азаматтың орталық ауруханаға жатқызылғандығы туралы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына шұғыл хабарлама келгеннен кейінгі зерделеу жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде тамақтан уланған 3 адамның Кентау қаласындағы фаст-фуд әзірлеумен айналысатын дәмханадан суши, пицца, тауық етінен лаваш, чикен жегені анықталды. Тағы 5 азаматтың дәл сол орыннан тапсырыс арқылы пицца, чикен тағамдарын тұтынып, жедел ішек жұқпасы диагнозымен ауырғаны белгілі болды.
Ведомство адам денсаулығына қауіп төндірген тамақтану орнына қатысты тексеру жүргізу бойынша шаралар қабылдаған. Кәсіпкерлік нысанды тексеру барысында ғимаратқа эпидемиялық мәні жоғары объектінің халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкестігі туралы тиісті қорытынды алынбағандығы, өнімдердің қауіпсіздігін куәландыратын құжаттардың болмауы, ірімшік және шұжық өнімдерінің жарамдылық мерзімдерінің өтіп кеткендігі, қызметкерлердің мерзімдік және профилактикалық медициналық қарап тексеруден өтпеуі, жұмысқа рұқсаттарының болмауы сынды кемшіліктер анықтаған.
«Дәмхана иесі, жеке кәсіпкерге ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 425-бабының 1-тармағына сәйкес 230 АЕК көлемінде (704 мыңнан астам теңге) айыппұл салынды. Сонымен қатар, аталған нысанға санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алмай жұмыс жасағаны үшін аталған Кодекстің 463 бабы 1-тармағына сәйкес хаттама толтырылып, іс-құжаттары сотқа жолданды» делінген комитет ақпаратында.