Бұл туралы аса ірі көлемде пара алды деп айыпталған Орал қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Арман Өксікбаевтың сотында Әлібек Қуатбаев есімді куәгер мәлімдеді. Ол мемлекеттік бағдарлама бойынша көп қабатты үйді салған мердігер мекемеде прораб болып жұмыс істеген екен.
— Салынып жатқан үйдің басына «Коматсу» маркалы тиегіш экскаватор әкелінді. Кейін бұл техника Арман Өксікбаевқа тиесілі екенін білдік. Бірақ атқарылған жұмыстар актісі «Профстройгарант» ЖШС-ке жазылды. Қазір бұл техника әлі күнге құрылыс басында жұмыс істеп жатыр, — деп мәлімдеді куәгер.
Айта кетелік, Орал қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Арман Өксікбаев 170 миллион теңге көлемінде пара алды деп айыпталған еді. Сот кезінде оның уағдалы 170 миллион теңгенің 134 миллионын қалтаға басқаны белгілі болды. Қаланың бас құрылысшысы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тоғыз қабатты екі үйді салып жатқан мердігердің жұмыс актілеріне еш кедергісіз қол қойып беруге уәде беріпті. Бұл құрылысқа мемлекет қазынасынан 2,2 миллиард теңге бөлінген екен. Қазір істі болған экс-шенеуніктің соты жүріп жатыр. Сот процесі кезінде тұрғын үй құрылысы сеніп тапсырылған мердігерлердің бәрі дерлік бір-бірімен туысқан екені белгілі болды.