Қызметтік тексеру кезінде олардың түрмедегі тәртіпті босаңсытып алғаны анықталды. Осылайша бұл оқиғаға кінәлі деп саналған қызметкерлердің біреуі тіпті қызметінен босатылыпты. БҚО бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, үш маман жұмысына лайық емес деп танылып, төрт қызметкерге қатаң сөгіс берілген. Колонияның тағы бір инспекторы ескертумен құтылыпты.
Түрмедегі төбелестен кейін полиция ҚР ҚК 107-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Қамауда отырып жаға жыртысқандар осыған дейін ұрлық, тонау және адам денсаулығына зақым келтіргені үшін істі болғандар екен.
Естеріңізге сала кетейік, төбелестен жарақат алған 10 адам бірден ауруханаға жеткізілгенімен, екеуі дәрігер көмегінен бас тартқан. Жақ сүйегі сынған жазасын өтеушілердің бірі облыстық ауруханадағы арнайы палатада емделіп жатыр. Әзірге төбелестің неден шыққаны айтылар емес. Полиция оқиға орнынан 6 темір тұрба мен 3 ағаш таяқ тауыпты.