Сарыағаштық тұрғын қарақшылық шабуылдың құрбаны болды. Аудандық полиция бөліміне пышақ жарақатын алған әйелдің ауруханаға түскені туралы хабарлама келген. Тексеру кезінде ауыл тұрғынының үйіне белгісіз біреу кіргені белгілі болды. Яғни, күдікті ер азамат әйелге физикалық күш көрсетіп, пышақпен қорқытқан. Содан жәбірленушіге пышақ жарақатын салып, ішінде ақшасы бар сөмкені алып кеткен. Келтірілген шығын көлемі шамамен 4 миллион теңгеден асады.
Аталған оқиға бойынша жедел-тергеу тобы құрылып, жедел уәкілдер бейнекамералардың бірінен жәбірленушінің ауласынан шыққан күдікті ер адамды анықтаған.
«Күдікті Нұр-Сұлтан қаласынан ұсталды. Ол жергілікті тұрғын болып шықты. Тінту кезінде жас жігіттен ұрланған ақшаның бір бөлігі мен басқа да айғақты заттар тәркіленді. Қазіргі уақытта аталған жайт ҚР ҚК 192-бабы 3-бөлігі «Қарақшылық» және ҚР ҚК-нің 24-бабы 3-бөлігі, 99-бабы 2-бөлігі «Адам өлтіруге оқталу» бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды. Бүгінде орын алған оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда»,-деді Түркістан облыстық Полиция департаментіндегілер.