Түркістан облысы, Шардара аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы пара алды деген күдікпен ұсталған. Түркістан қаласының мамандандырылған тергеу сотының қаулысымен шенеунікке үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы 3 айға (2022 жылғы 21-қазан сағат 15-08 минутқа) дейін ұзартылды. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметіндегілер хабарлады.
«Күдікті мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген адам бола тұра, өзінің қызмет бабын жеке бас пайдасына пайдаланумен ұштастырып, айтарлықтай мөлшерде пара алу қылмыстық ойы туындап, өзінің жеке бас пайдасына ақша табу мақсатында Б.Халмуратов арқылы К.Батырхановтан 1 500 000 теңге ақша қаражатын алған. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүріп жатыр» делінген мәліметте.
Еске салсақ, Түркістан қаласының мамандандырылған тергеу сотының 23 шілдедегі қаулысымен Қылмыстық кодекстің 366-бабы 2-бөлігімен күдіктіге 2 ай мерзімге үйқамақ түрінде бұлтартпау шарасына санкция берілген болатын.