Шымкент тұрғыны сауда орталығы алдында кезек күтіп отырған зейнеткердің ұялы телефонын тартып алып, қашып кетті. Алайда жас жігіт екі сағат ішінде ұсталды.
Полицейлерге 83 жастағы қария арызданған. Ол өз шағымында күндізгі сағат 12-45 шамасында зейнетақысын алу үшін «Гиперхаус» сауда орталығындағы банкомат алдында кезек күтіп отырғанында төс қалтасындағы ұялы телефонын белгісіз ер азамат ашықтан-ашық алып кеткенін көрсеткен. Жәбірленуші келтірілген шығын көлемі — 80 000 теңге.
«Аталған жайт ҚР ҚК-нің 191-бабы (Тонау) бойынша тіркелді. Тәртіп сақшылары арыз түскен сәттен бастап жедел іздестіру жұмыстарын жүргізді. Оңай олжаға кенелмекші болған азамат қарт кісінің қауқарсыз екенін пайдаланып, ұялы телефонын ашық түрде алып кеткен. Полицейлер оқиға болған жердегі бейнебақылау камераларын жіті қарап, күдіктінің түр-тұлғасын анықтады. Полицейлер небәрі екі сағаттың ішінде оны қолға түсірді»,-деді Полиция департаментіндегілер.
Ұсталған азамат қарияның ұялы телефонын дереу сатып жібермек болған. Ол Түркістан облысының тұрғыны болып шықты. Жәбірленушіге телефоны қайтарылды. Қарт тұрғын жедел әрекет еткен полицейлерге алғысын білдірді.