Алды он жылдан бері кезекте тұрмыз деген бір топ ата-ана пәтерден пәтерге көшіп шаршағандарын айтты. Кісі есігінде жүргеніміз өз алдына, арзан пәтерде мүлдем жағдай жоқ, ескі баспаналарда балаларымыз ауруына ауру жапсырып жатыр. Көпқабатты үйден жалдауға бағасы тым қымбат, оның үстіне шиеттей баламен бізді ешкім қабылдамайды,- деді әкімдік алдына жиналғандар.
Көпбалалы ана Салтанат Сағындықова тіпті тығырыққа тіреліп тұрғанын жеткізді. Айтуынша, 2014 жылы баспана кезегіне тұрған. Содан бері пәтер жалдап күнелтіп келіпті. Енді 1-мамырдан бастап далада қаламын ба деп қатты уайымдап тұр. Тұрып жатқан пәтері сатылып кеткен көрінеді.
Салтанат Сағындықова, көпбалалы ана:
«1-мамыр күні маған пәтерді босат деді. Жатақхананың 18 шаршы метр шығатын бір бөлмесін бес баламмен 30 мың теңге жалдап тұрып жатқанбыз, енді оны да босатуымыз керек. Өзім жұмыс істемеймін. Күйеуімнің тұрақты жұмысы жоқ. Бес баламен бізді ешкім пәтерге де алмайды. Мен сонда не істейім керек? Пәтер кезегінде 2 148-ші болып тұрмын қазір. Жеті жылдан бері кезегім түк жылжып жатқан жоқ. Әкімнен көмек сұрап келіп тұрмын, тым болмаса уақытша тұратын жай тауып берсе екен.Не істерімді білмей жүрмін тіпті.»
Көпбалалы аналар үй кезегін күтіп төзімдері таусылғанын айтып ашынды. Айтуларынша, өздерінен кейін кезекке тұрғындар алдыңғы орындаға шығып үлгерген көрінеді.
-Қазір менің кезегім — 1 742. Он жылдан бері бес мың орынға ғана жылжыды шамамен. Ал менен кейін төрт жылдан соңғы тұрғандар, тура мен сияқты ерекше баласы бар келіншектер қалай екенін білмедім, менің алдымда тұр кезегінің реті бойынша. Кейбірі пәтер алып үлгерді. Біз сияқты кезекте тұрғандарды іздеп тауып алады ма қайдам, маған бір адам: «1 млн теңге берсең 5 минутта баспаналы боласың» — деп айтты. Ондай ақша қайдан менде, кезегімді күтіп жүрмін, бірақ еш жылжитын түрі көрінбейді, — деді Айгүл Темірханова есімді үш баланың анасы.
Шымкент қалалық Тұрғын үй басқармасының өкілі баспана бөлуде кезек ретін қолдан өзгерту мүмкін емесін жеткізді. Кезек реті бөлінген баспаналардың санына қарай жылжып отыр, — деді бөлім басшысы Жұлдызай Ордабекова.
— Қазіргі таңда бұл шағымданып келіп отырған азаматтарымыз сол халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы тізімінде тіркелген, ерекше бала тәрбиелеуші отбасылар. Бұл санат бойынша биылғы жылы 218 азаматқа пәтер арендалық пәтер сатып алу құқығынсыз беріледі деп күтіліп отыр. Жалпы бұл кезек бойынша біз қазір 2012 жылдың тамыз айында тіркелгендерді қамтып жатырмыз. Бұл кісілердің әлі кезек реті келген жоқ. Кезек ретімен қамтыласыздар дегенді түсіндіріп жатырмыз. Бірақ бұл кісілер уақытша тұрғын үймен қамтамасыз етуді сұрап жатыр. Уақытша тұрғын үй бойынша заңдылықтары түсіндірілді, ондай тұрғын үй заңмен қарастырылмаған. Сондай-ақ, кезекті жылжымайды деп отыр. Жылына кезектің жылжуы берілген тұрғын үйлердің санына қарай жылжып отыр.
Басқарма өкілінің мәліметінше, Шымкент қаласы бойынша дәл қазір 48 мың отбасы пәтер кезегіне тіркелген. Соның 17 мыңнан астамы халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы тізіміндегілер.
Тұрғын үй басқармасындағылар өткен жылы 976 пәтер берілгенін хабарлады. Оның 300-і жастар бағдарламасымен, 200 дей пәтер халықтың әлсіз тобына бұйырса, тағы 60 пәтер ата-ана қамқорлығынсыз қалғандарға үлестірілген. Көпбалалы отбасыларға 378 пәтер берілген.