Шымкентте мемлекеттік білім грантының конкурсына қатысу үшін М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне құжат тапсырған түлек гранттан қағылған болатын. Себебі қабылдау комиссиясының маманы ҰБТ сертификаттарын таңдау кезінде техникалық қателік жіберіп алған.
Түлек мектепті қызыл аттестатқа бітіріп, ҰБТ-да 120 балл жинаған.
Грант иегерлерінің тізімі жарияланғанда баласының оқуға түспегенін білген ата-ана аталған оқу орнының басшылығына, министрлікке арызданған.
«Ғылым және жоғары білім министрлігі өкілдері бүгін бұл мәселені назарға алып, шұғыл шешім қабылдады. Министрдің кеңесшісі түлектің ата-анасымен сөйлесіп, кеткен қателік үшін министр мен министрліктің атынан кешірім сұрады. Тез арада техникалық қателік түзетіліп, талапкер Тастан Жасмин Қуанышқызы үшін Сүлеймен Демирел атындағы универиситетке грант бөлінетін болды. Сондай-ақ, ол жатақханамен қамтылады. Ал, құжат қабылдауда қателік жіберген М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті қабылдау комиссиясының маманына «сөгіс» берілді» делінген министрлік мәліметінде.
Осы жағдайдан кейін Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек аппарат басшыларына және жоғары оқу орындары ректорларына талапкерлердің құжаттарын қабылдау барысында мұқият болуды ескертті.