Қалалық Полиция департаментінің Ішкі және сыртқы коммуникациялар басқармасының басшысы өзінің фейсбуктегі парақшасында өмірден қоштасуға итермелеген жағдайды тізбектепті.
«Мен сындым… Сабырым таусылды… Бүгін Шымкент қаласы Полиция департаментіндегі қызметімнен кеттім. Жәй кеткен жоқпын, үстімнен қылмыстық іс ашылған соң, кеттім!
Қызмет-мансаптың соншалықты адам өмірінен де қымбат екенін бұлай маған ұғындырады деп ойламадым. Адам өз өмірін қалайша қия салады деп ойланатын едім. Енді түсінгендеймін…», деп бастаған жазбасын.
«…Өмір, оның ішіндегі адамдар соншалықты қатыгез деп ойламадым! Менің бұл жағдайым ата-анама да ауыр тиді, оларды жұбататын тіпті сөз таба алар емеспін. Ата-анамнан ел алдында осындай масқараны көруде дәрменсіздік танытқаным үшін… кешірім сұраймын! Осы соңғы жазба-хатымды әлеуметтік желіге жазып, өзін ақтағысы келіп отыр деп жазатындар табылатын шығар… Бірақ енді маған, бәрібір! Мен енді Алланың алдында ғана есеп беремін! Себебі, Дәлбеков мырзаның алдына шындықты айтып, бір емес бірнеше рет барғанымда, ол мені тіпті тыңдағысы да келмеді. Ашылған қылмыстық істің өзі — жүз пайыз сол кісінің қолымен жасалып отырғанына сенімдімін, мені жұмыстан өз еркіммен кетіру үшін жасап отырған кезекті іс-әрекеті ғой! Бұлар мені қылмыстық жазаға тартпай тынбайды, сол үшін… Мен енді жұмыстан ғана емес, өмірден кеткенді де жөн көрдім…», -деп жазыпты.
Ол бүгін түнде өз-өзіне қол салуға әрекет жасаған. Қазір жан сақтау бөлімінде жатыр. Инсайдерлік дерек көздер оның комада екенін айтуда.