Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов Қаратау ауданының халықпен есепті кездесуін өткізді. Жиында Қаратау ауданының басшысы Рахымберді Мүлкеманов ауданның инженерлік-инфрақұрылыммен қамтылу барысы туралы баяндады.
Шымкент қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, ауданды 2023 жылы ауыз сумен 100 пайыз қамту жоспарланған. Осы мақсатта биыл «Нұртас» су жинақтағыш магистральды құбырының құрылысы аяқталады. Ал «Қайнарбұлақ» және «Асар-2» елдімекенінде құрылыс жүргізіліп, келер жылы пайдалануға беріледі.
«Достық» пен «Асар-2» тұрғындары сапалы электр желісіне қол жеткізеді. «Тассай» шағын ауданында құрылыс жұмыстары осы жылы басталып, 2023 жылы аяқталады. Нәтижесінде биыл ауданды электрмен қамту 97 пайызды құрамақ.
Ал табиғи газбен қамту көрсеткішін биыл 90 пайызға жетізу жоспарланып отыр екен. Бұл мақсатта «Тұран», «Тассай», «Нұртас», «Қайнарбұлақ», «Асар-2» елдімекендерінде құрылыс жұмыстары басталады. «Қайнарбұлақ» тұрғын алабындағы жұмыстар келесі жылға өтпелі.
«Мирас», «Ақжайық», «Тұран» ішкі магистралы, «Асар-2», «Тассай», «Достық» елдімекендерінде кәріз жүйесінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. «Асар-2», «Тассай», «Достық»-тағы жұмыстар алдағы жылы аяқталады.
2022 жылы 39 көше жарықтандырылады.