Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов жаңадан құрылып жатқан «Жұлдыз» индустриалды аймағына барып, ондағы құрылыс жұмыстарымен танысты.
Индустриалды аймақтың жалпы аумағы 306 гектар жерді алып жатыр. Бүгінгі таңда онда инженерлік инфрақұрылымның құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Қала әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, жаңа индустриалды аймақта машина жасау, фармацевтика, металлургия, жиһаз өнеркәсібі, құрылыс индустриясы салалары бойынша кәсіпорындар іске қосылады. Нәтижесінде 5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. 200 млрд теңгеден астам қаржыға 50-ден астам ірі инвестициялық жоба іске аспақ. Қазіргі таңда 100 млрд теңге тұратын 17 жобаға жер телімдері бөлінді.
Қала әкімі іске асырылатын әрбір жобамен танысып, өзекті мәселелерді талқылады. Сонымен қатар тиісті басқарма басшыларына тапсырмалар жүктеді.
Шаһар басшысы бұдан өзге жақында іске қосылатын «Авангард» зауытының жұмысымен де танысты. Аталған кәсіпорын шыныдан шыны конструкциялар өндіретін болады.
5 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жоба жүзеге асқанда 50 адам жұмыспен қамтылады жеп жоспарлануда. Зауыт шығаратын өнімдер толығымен ішкі нарықты қамтиды. Бүгінде құрылыс жұмыстары аяқталған. Құрал-жабдықтар орналастырылуда.