Түркістан облысы, Қазығұрт ауданының тұрғыны жақсылық жасаймын деп соңында көліксіз қалды. Ер адамның айтуынша, ол танысына «Daewoo Nexia» маркалы автокөлігін уақытша айдауға берген. Алайда олавтокөлікті сатып жіберген.
Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін жәбірленуші полицейлерден көмек сұраған.
«Аталған жайт ҚК-нің 189-бабы «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу» бойынша тіркеді. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде күдікті ер адам анықталды. Ол жұмыссыз жүрген жергілікті тұрғын болып шықты. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде»,-деді облыстық Полиция департаментіндегілер.
Белгілі болғаны күдікті мен жәбірленуші сыныптастар. Олардың өзара келісімдері бойынша күдікті автокөлікті Нұр-Сұлтан қаласына жұмыстарын бітіріп келу мақсатында айдап кеткен. Алайда өзінің қарыздарын жабу үшін көлікті 480 000 теңгеге сатып, ақшасын жаратып жіберген.