Еlitar.kz тілшілеріне хабарласқан Төлеби ауданындағы көпбалалы ата-аналардың айтуынша, өңірдегі бірде-бір мектепте ыстық тамақ беріліп жүрген жоқ. Мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алатын жандар ұл-қызының мектептен аш қайтып жүргенін жеткізді.
-Қаңтар айынан бері біздің балаларымызға ыстық тамақ берілмейді. Одан алдын азық-түлік есебінде алып тұрушы едік, оны да тоқтатып тастады. Балаларымыз мектептен аш қайтып жүргені жаныма батады, — деді Төлеби ауданының тұрғыны Айгүл Ермекова.
Төлебилік ата-аналар үш айдан бері балаларының сабақ кезінде қарыны ашпауы үшін сөмкесіне тамағын салып жіберіп жүргендерін айтты. Мектепте бір мезгіл ыстық тамақ берілсе мұншалық уайымдамас едік дегендердің жергілікті әкім-қараларға өкпесі қара қазандай.
Әйгерім Әуелбекова, Төлеби ауданының тұрғыны:
— Балаларымыз күнделікті сөмкесіне кітаппен қоса тамағын салып тасиды. Үш айдан бері осы жүріс. Бізді доп секілді әр жақа сілтеп жатыр. Әкімге де, басқасына да бардық. Біріне бірі сілтейді бәрі. Кімге барамыз енді?..
Ыстық тамақ мәселесі Түркістан облысында бар мәселе көрінеді. Аймақта атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың 90 мыңға жуық баласы ас-ауқаттан қағылып отыр екен. Соның екі жарым мыңнан астамы Төлеби ауданының оқушылары. Білімге жауапты өкіл мәселе таяуда шешіледі деп сендірді.
Әнапия Қадырбекова, Төлеби ауданы адами әлеуетті дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы :
«Төлеби ауданы бойынша тегін тамақпен қамтылуы тиіс 2 600 бала бар. Бұл мәселеден жұмыспен қамту басқармасындағылар хабардар. Облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы да біледі. Тиісті шаралар қабылданады. Бүлдіршіндердің қамын жақын күндері шешеміз».
Төлеби ауданында асхана мәселесі де өзекті. 67 мектептің 49-нда ғана тамақтанатын орын бар. 12 мектепте ыстық ас бере қоятын мүмкіндік жоқ екен. Төрт мектептің асхананы апатты жағдайда. Мәселені дер кезінде шешуді талап еткен ата-аналар бұл проблемаға министрдің өзі араласуын сұрап отыр.