Алдағы жаңа оқу жылында Түркістан облысында 54 570 бала мектеп табалдырығын алға рет аттайды. Ал білім ұяларында оқитын жалпы оқушы саны 510 мыңнан астам.
Биыл әлеуметтік осал топтағы отбасыдан шыққан 52 мыңнан астам бала мектеп формасымен қамтылады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы айтты.
«Жаңа оқу жылына әлеуметтік осал топтағы отбасы балаларын (52 мыңнан астам) мектеп формасымен және мектеп құралдарымен қамтамасыз ету үшін облыстық бюджеттен 1,9 млрд теңге қаржы бөлінді. Одан бөлек, ыстық тамақ пен жазғы демалысқа да қаржы қаралды. Сондай-ақ, көп балалы, жетім және ата-ана қарауынсыз қалған балалар да көмексіз қалмайды. Олар үшін арнайы «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы өтуде. Акцияның 15 күнінде облыс бойынша 778 балаға жалпы 19 млн 309 мың теңгеге демеушілер тарапынан материалдық көмек берілді. Атап өтер жайт, акция шеңберінде көп балалы отбасылардың барлық балаларына мейлінше көмек көрсету көзделіп отыр», – деді басқарма басшысы.
Атап айтқанда, 7 534 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаға 265,7 млн теңге шілде айында бөлінген. Ал 45 126 балаға 1,6 млрд теңге тамыз айында бөлінді.
Сонымен қатар, облыстағы экономикалық есептеулер бойынша әр балаға мектеп формасына 35 275 теңгеден және мектепке керекті құралмен қоса есептегенде жалпы 37 389 теңге беріледі.
Мектеп формасына өтініш бала оқитын мектептің директорына өз санатын белгілей отырып жазылады. Арнайы құрылған комиссияның қарауы негізінде ақша баланың ата-анасының есеп шотына аударылады.
Еске салсақ, «Мектепке жол» акциясы 1 тамыздан басталып, осы жылдың 30 қыркүйегіне дейін жалғасады.