Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының дерегінше, бұл жағдай 2021 жылдың 10-желтоқсан күні болған. Сарыағаш ауданы Құркелес ауылының 23 жастағы тұрғыны таңертең үш айлық қызын алып емханаға шыққан. Жолда енесімен ренжіскен сөздері есіне түсіп, өзін де, қызын да өлтіруге бел буыпты. Содан Келес өзеніне суға түскен. Өзінің мойыны бататын тереңдікке дейін барған келіншек ашумен әуелі қолындағы қызын суға батырып, тұншықтырып өлтірген.
«Сотталушының бұрын сотталмағаны, шын жүректен өкінуі жеңілдететін мән-жайларға жатқызылған, қылмыс жасауы ауырлататын мән-жай анықталмаған. Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты А-ны Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танып, 15 жыл (он бес жыл) мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сотталған жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелерінде өтейтін болады. Үкім заңды күшіне енген жоқ», — деді Түркістан облыстық сотының баспасөз хатшысы.