Түркістан облысында есірткі сатқан келіншекке сот үкімі шықты. Түркістан қаласының 48 жастағы тұрғыны жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде ұсталған.
Полицейлер өткен жылдың желтоқсан айында Сайрам ауданында сезікті әйелдің тұрғындардың біріне жалпы салмағы 5 грамнан асатын «марихуана» есірткі заты бар сіріңке қорапшасын сатқанын анықтаған. Одан бөлек жедел уәкілдер күдіктінің Шымкент қаласындағы жалдамалы пәтерін тінту кезінде синтетикалық «пирролидиновалерофенон» препаратына ұқсас екі полиэтилен түйіншегін тәркілеген. Сараптамаға сәйкес, заттай дәлел ретінде алынған есірткінің салмағы 5 грамнан асты.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 297-бабының 3-бөлігі «Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе өткізу» бойынша тіркелген. Күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу кезінде жинақталған материалдар заңды шешім қабылдау үшін сотқа жіберілген.
«Сот үкімімен 48 жастағы сотталушы әйел ҚР ҚК 297-бабында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды» деп хабарлады Түркістан облыстық Полиция департаменті.