Екі ауыр жүк көлігі бүгін Сауран ауданы аумағында соқтығысты.
Жол көлік апаты Шымкент-Самара тас жолының 135 шақырымында тіркелді. Полицейлердің дерегінше, бір бағытта кетіп бара жатқан «Рено Магнум» маркалы кран ауыр жүк көлігі мен «Вольво» маркалы жүк көлігі соқтығысқан.
Яғни 25 тонналық «Рено Магнум» ауыр жүк көлігінің соңынан келе жатқан Ресейлік «Вольво» жүк көлігінің жүргізушісі қалғып кетіп, «Рено Магнум» жүк көлігінің артынан келіп соққан. Салдарынан жүк көлігінің тіркемесінде тұрған кран аударылып кеткен.
Жақын маңда патрульдеп жүрген Түркістан облысының патрульдік полицейлері бірден оқиға орнына жетіп, оларды қауіпсіз жерге алып шықты. Екі ауыр жүк көлігінің жүргізушілері зардап шекпеген, тек көліктерге материалдық шығын келген, деп хабарлады Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі.