Түркістанда үй ұрлығы бойынша тағы бір қылмыс ашылды. Полиция департаментінің мәліметінше, облыс орталығының тұрғыны арызданған. Оның айтуынша, кешкі уақытта белгісіз тұлғалар үйіне кіріп, ақша, алтын бұйымдар мен басқа да бағалы заттарын ұрлап кеткен.
«Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркелді. Жәбірленушіге 1 млн 400 мың теңге шығын келген. Екі тәуліктен кейін жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде криминалдық полиция қызметкерлері ұрының ізіне түсіп, күдіктіні ұстады. Ол бұрын сотты болған жергілікті тұрғын болып шықты. Қазіргі уақытта күдікті ер адам қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оның басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоқтығы анықталып жатыр»,-деді Түркістан облыстық Полиция департаментіндегілер.
Белгілі болғандай күдікті үй иелерінің жоқтығын пайдаланып, жәбірленушінің үйіне терезе арқылы кірген екен. Құнды заттар мен ақшаны ұрлап кеткен. Ол алтын бұйымдарды сатып, ақшаны өз қажеттілігіне жұмсамақшы болыпты.