Көкшетау қаласында көкпардан және аударыспақтан жасөспірімдер арасындағы кезекті Қазақстан чемпионаты өз мәресіне жетті. Дүбірлі жарыста Түркістан облысының құрамасы көкпардан бас жүлдені жеңіп алды.
Көкпар додасына елімізден 10 команда қатысты. Түркістандық көкпаршылар финалда Алматы қаласының көкпаршыларын 12:1 есебімен айқын басымдықпен жеңген. Жасөспірімдер құрамасын облыстың аға бапкері Бақтыбай Шырынқұлов бастап барған. Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ал аударыспақтан өткен чемпионатта республикамыз бойынша 90-ға жуық спортшы бақ сынаған. Түркістандық спортшылар 6 алтын, 1 қола медаль еншілеп, бірінші орынды иеленді. Спортшылар 8 салмақ бойынша сынға түсті. Туған елге олжалы оралған сайыпқырандарды Түркістан облысының ұлттық спорт түрлері мектебінің ұжымы зор қошеметпен қарсы алды.