Түркістан облысынды атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балалары мектеп формасымен қамтылады. Бұл туралы облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.
«Облыста АӘК алушы отбасылардың 6-18 жас аралығындағы балаларының саны 52660-ты құрайды. Өткен жылы ҚР Үкіметінің №64 қаулысына сәйкес, аталған санаттағы балаларға жергілікті бюджеттен білім қоры есебінен және республикалық бюджеттен кепілдендірілген әлеуметтік пакет арқылы қаржы қаралған. Ал биыл облыс басшысының тапсырмасына сәйкес, облыстық бюджеттен осы санаттағы 52 660 балаға материалдық қолдауға қаражат бөлінетін болды. Әр балаға мектеп формасына 35 275 теңге белгіленді»,– деді облыстың бас ұстазы.
Басқарма басшысының айтуынша, балаларды мектеп формасымен және оқуға қажетті құралдармен қамтамасыз ету үшін 1,9 млрд теңге қажеттілігі туындап отыр екен. Бұл мәселені шешу үшін облыстық бюджеттен тиісті қаржы қарастырылуда.
Спикер өз сөзінде ата-аналар тарапынан түскен шағымдарға қатысты да пікір білдірді. Дінислам Болатханұлы әр мектептің өзінің жеке формасы болмайтынын, министрлік тарапынан оқушы қара-көк түсті шалбар, костюм мен ақ көйлек кисе жеткілікті екенін атап өтті.