Түркістан облысы, Созақ ауданында жергілікті тұрғын өз құрбысының құрбаны болды. Жас қыздар тауға шығып, табиғат аясына демалуға барған. Сол кезде бойжеткен сөмкесіндегі 50 000 теңгесін белгісіз біреу ұрлап кеткенін байқаған. Қаржысынан айырылып қалған жәбірленуші демалудан қайтқан соң дереу полицейлерге арызданған.
«Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алынды. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде осы қылмысқа қатысы бар күдікті жас қыз анықталды. Ол бұрын сотты болған жергілікті тұрғын болып шықты. Анықталғандай, күдікті мен жәбірленуші жақын таныстар. Жас қыздар демалу үшін таулы аймаққа бірге барған. Оңай олжалы болуды ойлаған бойжеткен ешкімнің байқамай тұрғанын пайдаланып, ақшаны қолды еткен. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде»,-деді Түркістан облыстық Полиция департаментіндегілер.
Күдіктіден айғақты зат ретінде 36 000 теңге алынып, иесіне қайтарылған. Ал қалған ақшаны ол жаратып үлгеріпті.