Шымкенттік тұрғын жедел жәрдем қызметіне жұмысқа тұрамын деп ақшасынан айырылды. Әл-Фараби ауданының полиция басқармасына арызданған ер азамат кездейсоқ танысып қалған жас жігіт фельдшерлік жұмысқа кіргізіп беремін деп уәде бергенін айтқан. Ол қызметі үшін 700 мың теңге алыпты. Алайда осы уақытқа дейін жұмысқа кіргізбей, не ақшасын қайтармай қойған.
Аталған жайт бойынша жедел іздестіру жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде, Шымкент қаласының тұрғыны анықталды. Тергеу барысында белгілі болғандай, ұсталған азамат заңсыз әрекетке тұрақты жұмысы болмай қаржыдан қысылғандықтан барғанын және бұл үшін өкінетінін жеткізді. Күдіктінің жасы – 26-да. Бұрын-соңды сотты болмаған.
«Қазіргі кезде күдіктіге қатысты Қылмыстық кодекстің 190-бабы 1-бөлігімен (Алаяқтық) қылмыстық іс тіркелді. Сотқа дейінгі тергеп тексеру амалдары жүргізілуде»,-деді қалалық Полиция департаментіндегілер.