Шығыс Қазақстан облысында бірқатар лауазымды адамдардың жұмысқа жалған дипломмен орналасқаны анықталды. Олардың бұл әрекетін прокурорлар әшкере еткен.
ШҚО прокуратураның қызметінің мәліметінше, қазіргі таңда мемлекеттік органдардың, кәсіпорындардың басшысы лауазымына және қызметкерлерін тағайындау тәртібінің заңдылығын тексеру барысында жоғары білім туралы жалған диплом ұсынудың 3 фактісі анықталған. Нақтырақ айтқанда, Риддер қаласының ішкі саясат бөлімінің статист маманы, әкімдікке қарасты мәдениет үйінің бас есепшісі және «Су каналы» мемлекеттік кәсіпорынның басшысы жұмысқа қабылданарда жалған құжаттар ұсынған.
«Білім беру ұйымдары осы дипломдардың аталған азаматтарға берілмегенін растады. Бұл фактілер прокуратурада тіркеліп, тиісті материалдар Риддер қаласының полиция бөліміне жолданды. Қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 385 бабы 3 бөлігі (көрінеу жалған құжатты пайдалану) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды» делінген прокуратура мәліметінде.