Түркістан облысы, Жетісай ауданында бірнеше үй ұрлығына қатысы бар деген күдікті ұстады. Оның қолға түсуіне қылмыс кезінде көрші балалардың түсіріп алған видеоның көмегі тиген.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, Жетісай аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданған. Әйелдің айтуынша, күндізгі уақытта оның үйіне ұры түсіп, алтын жүзік, алтын білезік және 13 000 теңге ақшасын жымқырып кеткен. Жәбiрленушiге 150 000 теңге материалдық шығын келген. Аталған дерек бірден ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алынды.
Дәл осындай арызбен полицияға тағы бірнеше тұрғын хабарласқан. Оның бірі 80 000 теңге ақшасы мен 150 000 теңге болатын алтындарын белгісіз біреу қолды еткенін көрсеткен. Ал келесі бір тұрғын болса, үйіне жасырын кірмекші болған ұрыны байқап қалып, нәтижесінде ұрының қашып кеткенін жеткізген. Тұрғындардың жиғанын жымқырып, мазасын қашырған ұрыны анықтап, қылмысты ашу мақсатында тәртіп сақшылары жан-жақты тексеру амалдарын жүргізген.
«Көршілерінің қақпасында құлып тұрса да үйінде адам тығылып отырғанын түсіріп алған жасөспірімдердің бейнежазбасы назарға алынды. Осы арқылы күдіктінің жеке басы анықталыпп, ол ұсталды. Күдікті жас жігіт Қызылорда облысының тұрғыны болып шықты. Ақша қажет болған ол үй ұрлығын жасаған. Күдікті күндізгі уақытта есігінде құлып тұрған үйлерге заңсыз кіріп, ақша мен алтындарды жымқырған. Осылайша оның 6 жайт ұрлық қылмысына қатыстылығы анықталды. Жас жігіт қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде»,-деді Полиция департаментіндегілер.
Жалпы жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 1 миллион теңгені құраған. Күдіктіден айғақты зат ретінде алтындардың бір бөлігі тәркіленіп алынған.