Жетісу облысы Текелі қаласында «Бүркіт» арнайы жасағының көмегімен есірткі сатушы ұсталды. 38 жастағы ер кісіден 1 келіден астам кептірілген марихуана тәркіленді.
«Күдікті 62,26 грамм марихуананы сату кезінде ұсталды. Сонымен қатар, жалпы салмағы 1 келіден асатын есірткі оның тұрғылықты жерінен Мойнақ қызметтік іздеу итінің көмегімен қалалық сот санкциялаған тінту кезінде табылды. Ұсталған азамат бұрын ұрлық, алаяқтық және көлік ұрлау деректері бойынша бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған», — деді Жетісу облысы Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Аян Исабеков.
Айта кетейік, өңірде жыл басынан бері заңсыз айналымнан 40 келіден астам түрлі есірткі тәркіленді. Оның 2 келіден астамы — синтетика. 22 есірткі сатушы құрықталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылды.