Қазақстанда бірнеше жоғары оқу орнының оқытушылары Қостанайдағы өртке байланысты бір күндік жалақылары аударды. Бқл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлына 150 жылдық мерейтоына орай өтіп жатқан ғылыми-практикалық халықаралық конференцияда айтты.
«Ұлт ұстазының 150 жылдық мерейтойына орай туған жері Қостанай өңіріне Мемлекет басшысының сапары жоспарланып, Ахмет Байтұрсынұлына арналған ауқымды шара өтуі керек еді. Өкінішке қарай, аталған аймақта өрт шығып, жағдайды естіп-біліп жатырсыздар. Соған байланысты жоспарланған шара кейінге қалды. Біздің жоғары оқу орындары Қостанайдағы жағдайға байланысты бірлесіп, қолдау көрсетіп жатыр. Бірқатар университеттердің оқытушылары өздерінің бір күндік жалақысын Қостанайға көмек ретінде бөліп отыр. Біз қостанайлықтармен біргеміз, қолдан келгенше қолдау көрсетеміз», — деді министр.
Ведомство мәліметінше, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті, Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті, Шәкәрім атындағы университет, Сафи Өтебаев атындағы мұнай-газ университеті, Нархоз Университеті, Қазақ ұлттық қыздар универистеті, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті, Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті ұжымдары Қостанай облысында зардап шеккендерге бір күндік жалақыларын жолдады.
Айта кетейік, өртке байланысты бірқатар оқу орындарының жанынан жедел штаб құрылды. Студенттер табиғи апаттан зардап шеккен Қостанай облысының тұрғындарына қажетті заттар мен азық-түлік жинап жатыр. Мәселен, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері гуманитарлық көмек жинайтын арнайы штаб құрды. Онда Алматы тұрғындары азық-түлік пен киім-кешек, сондай-ақ қажетті заттарды жинап жатыр. Сонымен қатар, ҚазҰУ өрттен зардап шеккен аудандардан келген студенттерге психологиялық, материалдық көмек көрсетеді. Оларға жатақханалардан орын беріледі.
Министрлік мәліметінше, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жастар орталығының кеңсесінде Қостанай облысының тұрғындарына жылу жинау пункті ашылды. Ал А. Байтұрсынов атындағы Қостанай Өңірлік университеті де өрттен зардап шеккен студенттердің отбасыларына көмек жинайды. Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының ұжымы зардап шеккен қостанайлықтарға азық-түлік жіберді. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде жедел түрде штаб құрылып, оған өңір тұрғындары киім-кешек, азық-түлік, гигиеналық құралдарды, төсек-орын жабдықтарын өткізе бастады. 10 тоннадан астам азық-түлік жиналды.