Қазіргі таңда жеке кәсіпкер ретінде тіркелместен такси ретінде қызмет ететін фактілер анықталған жағдайда жеке көліктердің конфискацияланып жатқаны туралы ақпарат пайда болуда. Мемлекеттік кірістер комитетіндегілер бұл мәлімет шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің бірқатар баптарымен соттың шешімі болған жағдайда меншіктен айыру мүмкіндігі көзделген. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес ешкім өз мүлкінен айырылуы мүмкін емес, тек сот шешімі бойынша. Қазіргі таңда заңсыз такси ретінде жұмыс істегені үшін көлік құралдарын конфискацияланғаны туралы бірде бір дерек жоқ» делінген ведомство хабарламасында.
Сонымен қатар, Мемлекеттік кірістер комитеті такси қызметін жеке кәсіпкер ретінде тіркеусіз жүзеге асырғаны үшін он бес АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл қарастырылғанын ескертеді. Бұл шамамен 46 мыңға жуық теңге.
Жеке кәсіпкерлікті электронды үкімет порталы арқылы (е-лицензирование) немесе «E-Salyq Business» мобильді қосымшасы, Kaspi және Halyk банктерінің мобильді қосымшалары арқылы тіркеуге болады.