Елімізде үздік дәрігерлерге 1000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы төлем беріледі. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстыру кезінде айтты. Аталған заң жобасы аясында «Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген дәрігері» бағыты бойынша жылына 3 атақ беріледі. Оларға 3 миллион теңгеден астам көлемінде біржолғы төлем ұсынылып отыр. Бұдан өзге денсаулық саласындағы үздік маман атты республикалық конкурстың 17 жеңімпазына 500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төлем аударылады. Министрдің айтуынша, ең үздік дәрігерлер жыл сайын медицина қызметкерлерінің күніне орай анықталады.
«Үздік ауыл дәрігері», «Үздік жалпы практикадағы дәрігер», «Үздік хирург» және басқа да мамандарды анықтап келдік. Енді заң жүзінде үздік дәрігерлердің марапаты белгіленіп, оларға сыйақы беріледі», – деді министр.