Түркістан облысы, Арыс қаласында босануға байланысты жәрдемақы алып беремін деп бірнеше әйелді алдап соққан алаяқ келіншек ұсталды.
Полицияның кезекші бөліміне жергілікті тұрғын алаяқтың құрбаны болғаны туралы шағым түсірді. Жәбірленушінің айтуынша, оның үйіне бейтаныс адам келіп, босануға байланысты мемлекеттен берілетін жәрдемақыны еселеп алып беретінін ұсынған. Өзін мемлекеттік қызметкер ретінде таныстырған келіншек ол қызметі үшін 450 мың теңгені санап алған. Бар ақшасын санап берген жәбірленуші уәденің орындалуын 6 ай күткен. Ақыры алданғанын түсініп, ақшасын қайтарып алу мақсатында полицияға арызданған.
«Полицейлер жедел-іздестіру іс-шарасының нәтижесінде алаяқтық жасаған күдіктінің жеке басын анықтады. Ол жұмыссыз жүрген жергілікті тұрғын, яғни жас келіншек болып шықты. Тексеру кезінде күдікті әйелдің бұдан басқа осындай 2 алаяқтық жайтына қатысы бары расталды. Жалпы келтірілген шығын 1,5 миллион теңгеге жуық. Қазіргі таңда ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде»,-деді Түркістан облыстық Полиция департаментіндегілер.