ШҚО-да 21 жастағы жас қыз үй иесінің сейфінен 61 млн-нан астам теңгені ұрлап алған. Бойжеткен бұл үйде үй қызметкері болып жұмыс істеп жүрген. Оқиға Өскемен қаласында болған.
«Облыс орталығының 35 жастағы тұрғыны 102 қызметіне жүгінген. Ол үйдің астыңғы қабатында орналасқан сейфтен шамамен 130 000 АҚШ доллары жоғалғанын, бұл шамамен 61 100 000 теңгені құрайтынын хабарлаған. Жәбірленушінің арызы бойынша полицейлер дереу қылмысты ашуға кірісті. Қабылданған шаралардың нәтижесінде криминалдық полиция қызметкерлері күдіктіні анықтады. Ол жәбірленушінің үй қызметшісі болып жұмыс істеген 21 жастағы бойжеткен болып шықты» деп атап өтті ШҚО Полиция департаментіндегілер.
Күдіктінің айтуынша, ол ағымдағы жылдың тамыз айының басында сейфтен алғаш рет 10 000 АҚШ долларын ұрлаған және ол ақшаға шетелде демалып келген. Демалыстан келген бойжеткен үй иелері ақшаның жоғалғанын байқамағанын түсініп, әрі қарай ештеңе болмағандай сол үйде жұмысын жалғастырған.
Бір айдың ішінде үй қызметкері сейфтен 130 000 АҚШ долларын алып шыққан. Бұл ақшаға ол үйлену тойын жасаған, пәтер және көлік сатып алған.
«Қазіргі уақытта 21 жастағы қылмыскер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабы 4-бөлігі (ірі көлемде жасалған ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды» делінген ведомство мәліметінде.