Түркістан облысы, Түлкібас ауданының тұрғыны жүргізуші куәлігін сатып аламын деп қарызға белшесінен батты. Оған куәлікті жасап беремін деген танысы оның атынан үш несие рәсімдеп алған.
Жәбірленуші азаматтың айтуынша, тамыз айында бейтаныс ер адаммен танысқан. Содан әңгіме барысында ол жүргізуші куәлігін тез арада істеп бере алатынын айтып, әбден сендірген. Осыдан соң жәбірленуші бейтаныс адамға жеке куәлігінің көшірмесі мен 250 000 теңге берген. Алайда 1 апта ішінде бітеді деген жалған уәде 2 айға созылған. Жәбірленуші не ақшасын, не куәлікті ала алмағаннан кейін полицейлерден көмек сұраған.
«Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алынды. Алаяқтық қылмысына байланысты тергеу тобы құрылып, осы жайтқа қатысы бар бұрын сотты болған жергілікті тұрғын анықталды. Күдікті жәбірленушінің сеніміне кіріп, аз уақыт ішінде жүргізуші куәлігін жасап беретінін айтқан. Ол үшін өз қызметі үшін ақша алған. Онымен қоймай оның жеке куәлігі арқылы атынан 3 бірдей несие рәсімдегені анықталды. Жалпы шығын көлемі – 3 000 000 теңге. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде»,-деді облыстық Полиция департаментіндегілер.