Шымкентте Байтұрсынов көшесі бойындағы көпқабатты тұрғын үйде тұратын бір отбасы мүшелері газға уланды. Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға бүгін, 13 қыркүйекте таңғы уақытта болған. Құтқарушыларға сағат 04:43-те ерлі-зайыптылардың туысы хабарласып, пәтер есігін аша алмай жатқандығын айтқан. Пәтер ішінде әйел мен оның күйеуі және екі баласы болған.
«Оқиға орнына жедел-құтқару жасақтың құтқару бөлімшесі жедел барып, арнайы құралдардың көмегімен есікті ашып берді. Пәтердің ішінде болған бір отбасы газға уланып қалған екен. Құтқарушылар алғашқы көмек көрсетіп, жедел түрде қауіпсіз жерге шығарды. Оларды жедел жәрдем қызметіне тапсырды» деп атап өтті департаменттегілер.
Алғашқы медициналық жәрдем көрсетілгеннен кейін зардап шеккендер ауруханаға жатудан бас тартыпты.