Маңғыстау облысының орталығы Ақтауда есірткі бизнесімен айналысып келген ер кісіден ірі көлемде марихуана табылды. Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, тәртіп сақшылары келіп түскен жедел ақпарат бойынша түнгі сағат 02:30 шамасында Ақтау қаласы 11 шағынаудандағы көпқабатты үйлердің бірінен 40 жастағы күдіктіні ұстады. Оны тінту барысында “марихуана» есірткі затының 12 дана целлофан пакеті тәркіленді. Ал тұрғылықты жері бойынша тінту жүргізу кезінде полицейлер “марихуана” есірткі затының 11 дана үлкен полиэтилен пакетін тапты. Тәркіленген заттардың жалпы салмағы – 41 кг. Бұдан өзге күдіктіден 3 миллион 295 мың теңге көлемінде ақшалай қаражат табылды.
Күдікті өз әрекетін толықтай мойындады. Қылмыстық кодекстің 296-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сот-сараптамалық зерттеу тағайындалды. Орта жастағы ер кісі ұстау изоляторына қамалды.