Шымкентте кезекті рейдтік шара барысында қаладағы көпқабатты үйлердің алдынан есірткі таратуға шыққан 24 жастағы жергілікті тұрғын құрықталды. Тексеру кезінде жас жігіттен есірткі заттары салынған 22 дана полиэтиленді орама тәркіленіп алынды. Ол бұл заттарды өзімен бірге алып жүрген.
Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат есірткінің синтетикалық түріне жататыны нақтыланып, жалпы салмағы 22 грамды құраған.
Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, ұсталған азамат есірткі заттарын өткізу мақсатында Шымкент қаласындағы жасырын орындарға тығып кетпекші болған.
Бүгінде аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігімен (есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.