Отан мен отбасының ошағын қатар жылытқан аяулы жан!

549

Ұлы даланың төсінде бүгінгідей бейбіт өмір, бақытты болашақ сыйлаған батыр бабалардың ертегідей ерлігі, өжет өрлігімен қатар тұратын ұлы есімдердің бірі – арын асқар таудан аласартпай, елі үшін ерлермен бірдей егеулі найза қолға алған аруларымыз болғаны тағлымды тарих беттерінде айқын жазылған.

Қазақ қыздары ен далада еркін көшкен ұлы елді бастаған хан-сұлтандар мен жаумен соғыста қалың қолды бастаған батырлардың бірі жары, бірі – қарындасы, бірі анасы бола жүріп, қарапайым халыққа шын жанашыр бола білді. Олардың бойындағы тектілік, данышпандық, батылдық  пен салихалы байсалдылық сияқты адам жанының ізгі қасиеттері қанмен дарып, ұрпақтан-ұрпаққа ұласып келеді.

Олай дейтініміз, егемендігімізді еншілеп, тәуелсіздігімізді тұғырлы еткен мына заманда да ел қорғаған ерлермен бірдей иық тіресе жүріп, әскеріміздің тірегіне айналған жаны нәзік болса да,жүрегі батыл әйелдеріміз аз емес.

Солардың бірі Ұлттық ұланның қатарында жауынгерлеріміздің денсаулығына демеу боп жүрген кіші сержант Кульбаева Жанат Жамалқызы.

«Біздің отбасымыз ақ халатты абзал жандар мен Отан қорғаушылардан тұрады десем қателеспеймін. Үлкен ағаларым Жамбыл мен Жандос Ұлттық ұланның жауынгерлерін тәрбиелеп,  олардың кәсіби, білікті әскери қызметші болуына өз үлестерін қосып келе жатқан озат офицерлердің қатарында болса, анам – Шарипа, әпкем Жанар мен інім Жомарт медицина саласының майталмандары. Ата-анамыз бәріміздің жоғары білім алып, кәсіби маман иесі болуымызға жол ашты»,- деп бастады әңгімесін кіші сержант Кульбаева Жанат.

Саялы Сарығаш өңірінде туып өскен Жанаттың бала күннен арманы дәрігер болу еді. 11 сыныпты аяқтаған соң арман қала Алматыға келіп Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің студенті атанады. Оқумен тәжірибені қатар алып, ұштастыру мақсатында орталық клиникалық ауруханада реанимация бөлімінде қызмет атқарады. 2006 жылы жары Аманжолмен танысып, отбасын құрады. Әскери салада алғашқы еңбек жолын 2008 жылы бастайды. Содан бері 15 жылдан аса уақыт өмірін әскер мен отбасының бақытына арнады. «Алты ұл тапқан ананы «ханым» десе болады» деп, дана халқымыз дәл тауып айтқан екен.  Ананың мойнына жүктелген ауыр жүк – ана болу, ал көп баланың анасы болу нағыз ерлікке татиды. 

Алты баланы өмірге әкеліп нағыз ерліктің үлгісін көрсеткен Жанат ханым, әскердегі қызметін де шет қалдырмады. Жауынгерлеріміздің басты байлығы денсаулығының дін аман болуына барын салып қызмет етіп келеді.

Көп балалы отбасы – береке-бірліктің үйлескен ордасы емес пе,  қолы қалт етсе жақсы көретін ісітігіншілікпен айналысады. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей анасының ойдағы мен қырдағысын үйлестіріп жүрген істерін көрген тұңғыш қызы Ақмаржан мен ұлы Әли қас-қабағына қарап, қолғабыс көрсетіп, бәйек болады. Өмірдің ыстығы мен суығын бірдей көріп, ынтымағы мен ырысы жарасқан шаңыраққа тірекболған жары Аманжол да қашан да қолдауын аяған емес.

Бірде қалалық емханаға әскери бөлімнің санитарлық көлігімен сегіз сарбазды дәрігерлік кеңестен өткізуге алып бара жатқанмын, жарты жолда кенет көлігіміз бұзылып қалды, көлігіміздің жүргізушісі әрі қарап, бері қарап іске қоса алмады.Не істерімді білмей қаланың қақ ортасында қалып қойғанымда, жолдасым өзінің машинасымен келіп, сарбаздарымды қажет жеріне апарып салған болатын, – дейді Жанат жолдасының көмегін есіне алып.

 

Қызметтен шаршап келсе де, тәттілерін пісіріп, көңілімізден шығуға тырысады. Отбасындағы өзінің орнын ешқашан елеусіз қалдырмайды. Жанаттың әскери қызметте  Отанның, отбасымызда ошағымыздың жылуы болып жүргенін мақтан етемін, – дейді жолдасы Аманжол. Ол да еліміздің ертеңі болар жастарды салауатты өмір салтын ұстануға, спортқа баулып жүрген ұлағатты ұстаздардың қатарында.

Қаһарман қыздарымыздың, ақылды да салихалы аналарымыздың жолын жалғап келе жатқан, алты ұл мен қыздың батыр анасы, Ұлттық ұланның қайсар жауынгер қызы, ақ халатты абзал жан – кіші сержант Кульбаева Жанат Жамалқызын біз де көктемнің алғашқы күніндей жаһанға жылу мен мейірім сыйлап келетін аяулы аналар мен әдемі арулардың мейрамымен шын жүректен құттықтап, шынайы әйел бақытын тілейміз!

Алдыңғы пост
Қайсар мінезді ару
Келесі пост
Шымкентте «Sen» атты жас әйелдер форумы өтті

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

Fill out this field
Fill out this field
Please enter a valid email address.
You need to agree with the terms to proceed

Видео

Қала әкімі кезекті қабылдауын өткізді

Күннің жаңалықтары

Оқырмандар арасында танымал

Редакторлар бағандары

Барлық тегтер

Menu