Парламент Мәжілісінің депутаты Руслан Берденов бекмекерлік кеңселердің қызметі туралы жарнамаларға толықтай тыйым салу керектігін айтты. Халық қалаулысы Мәжіліс отырысында жауаптыларға осылай деп ұсыныс жолдаған. Бұл туралы ол Instagram парақшасында жазды.
Руслан Берденов сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары барысында халықпен кездесулер кезінде осы мәселе көтеріліп, тұрғындар букмекерлік кеңселердің қасіреті туралы мұңдарын шаққан екен.
«Бұл – үлкен әлеуметтік қасірет. Өңірлердегі халықпен кездесу кезінде біз ойынқұмарлар үшін жылап жүрген ер-азаматтарды, яғни олардың әкелері, ағалары мен ұлдарын көрдік. Олар бізге ойынға тәуелді боп қалған жақындары жұмысындағы жиһаз, техника, тіпті қабырғадағы түсқағаздан басқа, үйдегі дүние-мүліктің түгін қалдырмай сатып жібергенін айтып берді» деп жазды депутат.
Мәжілісменнің мәліметінше, Үкімет букмекерлік кеңселердің жарнамалық қызметін бақыламайды.
«Үкімет осы ұйымдардың жарнамалық қызметін бақыламайды, өйткені «букмекерлер барлық спортқа демеушілік жасайды, сондай-ақ салық төлейді» деп сілтейді. Бірақ мен лудомандарды емдеуге кететін шығын бюджетке түсетін салық табысынан әлдеқайда көп екені туралы мәліметтер келтірдім» делінген жазбада.
Осы ретте Руслан Берденов Respublica партиясы тарапынан ұсынылған мәселені шешудің бірнеше тетіктерін келтіріп өтті. Олар:
1) Заңнамалық деңгейде барлық ақпараттық алаңдарда осындай ұйымдарды жарнамалауға толық тыйым салу;
2) Интернетте құмар ойындарды бұғаттау үшін интернет-контентті шектеу бойынша ең озық жүйелердің бірі ретінде Қытай тәжірибесін зерделеу;
3) Банктік карталар, POS-терминалдар, ұялы байланыс операторлары арқылы ойын шоттарының төлемдерін қабылдауға тыйым салу.