340
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі мемлекеттік шекараны күзету бойынша күшейтілген жұмысты жалғастыруда. Ведомство баспасөз қызметінің дерегінше, жыл басынан бері шетелдік (Үндістан, Нигерия, Тәжікстан, Өзбекстан және Ресей) және Қазақстан азаматтарының жалған және өзгенің құжатын қолдануының 99 фактісі анықталған.
Шекаралық аймақта 4 238 шекара режимін бұзушы ұсталды. 1,9 млрд теңгеге жуық сомадағы валюта, алтын және басқа тауарлардың тасымалдануына жол берілмеді.
Қару мен оқ-жарақты өткізудің 66 әрекетінің жолы кесілді. Заңсыз миграцияның 4 арнасы бейтараптандырылып, бұл қылмысқа қатысы бар 6 адам ұсталды.
Ұсталған құқықбұзушыларға қатысты Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шаралар қабылданды.