ШҚО Глубокое ауданы Уварово ауылында жеке тұрғын үйден өрт шықты. Оқиға түнгі сағат 02 шамасында болған. Үйде бірнеше адам болған, оның ішінде 5 жасар бала да бар.
Өрт салдарынан кіреберіс тобының ағаш конструкциялары, сондай-ақ үйдің едендері, шатыры, қабырғалары жанып кетті. Өрт сөндірушілер келгенге дейін көрші тұратын Евгений Шимин жанып жатқан үйден 5 жасар баланы шығарып алған. Бүлдіршін дереу ауруханаға жеткізілді. Белгілі болғандай, ер адам – үй иесінің күйеу баласы. Өртті бірінші байқаған қайын енесі көрші тұратын күйеу баласынан көмек сұраған екен.
Өрт болған үйден үй иесі де аман шықты. Тек оның әпкесі, 1954 жылы дүниеге келген зейнеткер түтінге уланып сол жерде көз жұмды.
Облыстық ТЖД мәліметінше, қызыл жалын 56 шаршы метр аумақты шарпыған. Алдын ала болжам бойынша өрттің шығуына электр сымдарын орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамау және отты абайсыз пайдалану себеп болған.