Шымкент көшелерінде жол қозғалысын реттеуге арналған 1100-ге жуық белгі орнатылды.
Айта кетейік, үшінші мегаполисте бүгінгі таңда автокөлік жолдары 2347 шақырымды құрайды. Яғни, осы асфальт жолдарда көлік қозғалысын реттеуге арналған 290 сигналды бағдаршам мен 13 700 жол белгісі орнатылып, 35 мың шаршы метрден астам жол таңбалары сызылған.
Polisia.kz жазуынша, қаладағы жол қауіпсіздігін нығайту мақсатында Шымкент қаласы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері қала көшелері мен жол белгілерінің жәй-күйіне көктемдік кешенді тексеру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде анықталған кемшіліктерді түзету үшін ( жол белгілерін орнатуға, жол таңбаларын жаңартуға, ойық-шұңқырларды қалпына келтіруге) жергілікті атқарушы органдарға 595 нұсқама берілді. Сәйкесінше, биыл 12 орынға жаяу жүргіншілерге арналған белсенді бағдаршам мен 15 қиылысқа автокөліктерді реттеуге арналған сигналды бағдаршам қойылды.
Бұған қоса, жол қозғалысын реттеуге арналған 1079 белгі орнатылып, 220 жол белгісі қайта қалпына келтірілді. Сондай-ақ жолдарда, құрлыстарда күтіп-ұстау талаптарын дұрыс орындамағаны үшін 59 лауазымды тұлғаға әкімшілік хаттама толтырылды.