Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлы әскери бөлімнен қашып кетті. Бұл туралы заңгер Анна Чернова желі парақшасында жазды.
Қорғаныс министрлігіндегілер қатардағы жауынгердің қашып кеткенін растады.
«2 шілдеде Қонаев гарнизонының әскери бөлімдерінің бірінде мерзімді қызметін өткеріп жатқан қатардағы жауынгер Б. қамауға алу мерзімі аяқталғаннан кейін (бұйрыққа бағынбау немесе оны өзгедей орындамағаны үшін гауптвахтада ұстау түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды) әскери қызметшінің сүйемелдеуімен әскери бөлімнің орналасқан жеріне қайтып бара жатқан кезінде белгісіз бағытта қашып кеткен. Әскери қызметшінің орналасқан жерін анықтау бойынша іздестіру іс-шаралары ұйымдастырылды» деп мәлімдеді министрліктің баспасөз қызметі.
Қазіргі таңда аталмыш факт бойынша қызметтік тексеріс тағайындалды.
Еске салсақ, бұған дейін Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Алматыда заңгер Анна Чернова мен оның күйеуін соққыға жыққаны туралы ақпарат тарады.