Енді елімізде аз қамтылған отбасылардың коммуналдық шығындарының бір бөлігі өтелетін болды. Ол үшін белгілі бір шарттар қарастырылған.
Биылдан бастап энергия көздерінің жабдықтарын кешенді жаңғырту, сондай-ақ электр, жылу, сумен жабдықтау және су тарту желілерінің тозу деңгейін төмендету мақсатында «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын іске асыру басталды. Бұл апаттар санын азайтуға және жалпы ұсынылатын коммуналдық қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда ТКШ кәсіпорындарының тарифтер мен инвестициялық бағдарламаларды өзгертуге қатысты (жөндеу жұмыстары мен қызметкерлердің жалақысын көбейту, қараусыз жатқан желілерді күту және т.б.) 212 өтінімі бекітілді. Нәтижесінде коммуналдық қызметтер тарифтерінің өзгеруі 10-30%-ды құрады, мұнда тұтынушылар мен коммуналдық қызметтер мүдделерінің теңгерімі ескерілген.
«Бұл ретте халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарының коммуналдық қызметтерге жұмсалатын шығындардың бір бөлігі өтелетін болады. Мұндай тетік мемлекеттік тұрғын үй көмегін көрсету аясында көзделіп отыр» делінген Үкімет баспасөз қызметінің мәліметінде.
Шығын төлемдері аз қамтылған отбасыларға немесе азаматтарға коммуналдық қызметтер (жылу, электр және сумен жабдықтау, байланыс, лифт қызметі және т. б.) шығындарын өтеу үшін тоқсан сайын төленеді. Басты шарт – төлем алушының меншігінде Қазақстан аумағында бір ғана баспана болуы керек немесе ол мемлекеттік тұрғын үй қорынан, жеке меншік тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған баспананы жалға алушы (тең жалға алушы) болуы тиіс.
Биыл Үкімет енгізген өзгерістерге сәйкес, егер коммуналдық қызметтерге жұмсалатын сома отбасының немесе азаматтың бір айдағы жиынтық табысының 10%-нан асатын болса, тұрғын үй көмегі беріледі. Бұрын бұл көрсеткіш әр өңірге байланысты 2-20% аралығында болған. Бұл ретте әкімдіктер рұқсат етілген шекті деңгейді 10%-дан төмендетуге құқылы. Мысалы, егер отбасының немесе азаматтың бір айдағы жиынтық табысы 100 мың теңгені, ал коммуналдық қызметтерге жұмсалатын шығыны 15 мың теңгені (табыстың 10%-дан астамын) құраса, онда азаматтың жергілікті бюджет қаражаты есебінен өтем алуға құқығы бар.
Үкімет бекіткен түзету болашақ тұрғын үй көмегін алушыларды қамтуды кеңейтуге және аз қамтылған азаматтарға қаржылық жүктемені азайтуға бағытталған.
Жалпы соңғы 4 жылда 174 мыңнан астам абонентке тұрғын үй көмегі үшін жалпы сомасы 5 млрд теңге төленді. Ал осы жылдың 6 айында 31 мың отбасына 630,5 млн теңгеге көмек көрсетілді. Осылайша коммуналдық қызметтер тарифтері көтерілген жағдайда өтемақы да ұлғаяды, яғни аз қамтылған азаматтардың шығындары ұлғаймайды.
Тұрғын үй көмегін тағайындау үшін азаматтарға тұрғылықты жері бойынша әкімдікке жүгіну қажет.