Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен тонау, кісі өлтіру және ұрлық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында Қазақстан азаматы Түркиядан экстрадицияланды.
Ол, 2022 жылдың наурыз айында Алматы облысында күдікті өзінің ағасымен бірлесіп құны 300 миллион теңгеден астам темекі өнімдерін тасымалдайтын жүк көлігінің жүргізушісіне қарақшылық шабуыл жасаған. Жүргізушіні өлтіріп, мәйітті жол бойындағы шұңқырға көмген.
Қылмыс жасаған күдіктілердің бірі ұсталып, сотталған. Ал екіншісі тергеуден қашып үлгерген. Сондықтан оған халықаралық іздеу жарияланған болатын. 2023 жылғы тамызда екінші күдікті Түркияда ұсталды.
Қазір ол Астанадағы тергеу изоляторында қамауда.
Егер оның қылмысы дәлелденетін болса, мүлкі тәркіленіп, он бес жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған.