Шымкентте қаңтар оқиғасы кезінде жаппай тәртіпсіздікке қатысып, өзгелерді бүлік шығаруға шақырған Л.Досмамбетова, Қ.Сұлтанбек және Ж.Аштаев бұған дейін сот үкімімен кінәлі деп танылып, тиісті жазаларын арқалаған болатын. Яғни, 15 шілде күні шыққан үкім бойынша үшеуі де ҚК-нің 272-бабының 2 және 3 бөліктерімен кінәлі деп танылған.
Олардың бұрын сотты болғаны және істің басқа да мән-жайлары ескеріліп, Л.Досмамбетоваға 3 жыл 7 ай, Ж.Аштаевқа 3 жыл 1 ай, ал Қ.Сұлтанбекке 3 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған еді.
Сотталушылар аппеляциялық шағым түсіріп, іс қайта қаралды.
«Аппеляциялық шағым қылмыстық істер жөніндегі сот алқасында қаралып, Әл-Фараби аудандық сотының шығарған үкімі өзгертілді. Л.Досмамбетованың 12 жастағы баласының болуына байланысты, ҚК-нің 74-бабына сай үкімнің орындалуы 2 жылға кейінге қалдырылды. Осы себептен Л.Досмамбетова сот залынан босатылды» делінген қалалық соттың ресми сайтындағы ақпаратта.
Айта кетейік, сот үкімі заңды күшіне енді.