Грек-рим күресінен 77 келі салмақта белдескен Демеу Жадыраев, финалда жапондық Нао Кусакаға 5:2 есебімен есе жіберді. Қазақ жігіті барын салғанымен, қарсыласы шапшаң қимылдап, алтынды қолдан жұлып алды.
Грек-рим күресінен Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Юрий Мельниченко Демеу Жадыраевтың финалдық белдесуіне қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, Жадыраев, белдесуді жақсы нәтижемен бастаған. Алайда, қарсыластан айласын асыра алмапты. Демеу бір мезетте тепе-теңдікті жоғалтып алды. Сол сәтте жапондық жігіт, жеңісті қолдан жұлып алды дейді бас бапкер.
Фото: Тұрарлық Қазанғапов
Айта кетейік, ширек финалда Демеу Жадыраев екі дүркін әлем чемпионы, Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері, Париж Олимпиадасының қола медаль иегері Ақжол Махмұдовты жеңген болатын.
Қазір Қазақстан қоржынында 1 алтын, 2 күміс, 3 қола медаль бар. Ал, жалпы командалық есепте Қазақстан құрамасы 28-орында тұр. Алғашқы орында АҚШ екінші орынға Қытай жайғасқан. Үшінші орынды Австралия еншілеген.