Ақтауда ерлікпен суға кеткен Ерлан Шонтабаевтың артында бес баласы қалды. Ол теңізге батып бара жатқан адамдарды құтқарып, өз өмірін қатерге тікті.
Марқұмның туыстарының айтуынша, оқиға күні Ерлан достарымен бірге теңіз жағасында демалып жатқан. Ол ішімдік ішпеген. Сол маңда тағы бір топ — екі қыз және екі жігіт теңізде шомылып жүрген. Шомылу кезінде қыздардың екеуі суға бата бастаған.
Қыздардың даусын ести салысымен, топтағы жігіттердің бірі суға секіріп, екіншісі көмекке шақыра бастаған. Дәл осы сәтте Ерлан жағдайды байқап, ойланбастан суға секіріп, екі қызды аман алып шыққан. Алайда кейін батып бара жатқан жігітке көмекке ұмтылған кезде, қайғылы жағдай орын алған.
“Ол жігіт қатты үрейленіп, Ерланның аяғынан ұстап алған болуы мүмкін. Соның салдарынан екеуі де суға батып кетті”, – дейді марқұмның жақындары.
Құтқарушылардың мәліметінше, оқиға орнына жеткен кезде теңізде екі ер адамның қаза тапқаны анықталған.